«Күз сыйы»
Келді міне Алтын күз, Сары шашты жарқын жүз. Мол өнімді ісімен, Таңдандырды халқын күз!
Мақсаты: Күз мезгілінде ауа-райының өзгеретінін, табиғат ананың бізге беретін молшылығын айтып, балаларға түсіндіру, көрсету; Балалардың көңілдерін көтеріп, естерінде қалатын қуанышқа бөлеу.
Жүргізуші: Құрметті балалар! Мінеки өлкемізге алуан түсті жапырақтарымен айналаны сары алтынға бөлеп күз де келді. Күздің келуін бәріміз асыға күттік. Ал күз бізге мол өнімін сыйға тартуда. Ендеше, алтын күзімізге арналған мерекемізді бастаймыз. Балалар, күз келіп күн суытып бастады. Қараңдаршы, бізге күз ханшайымы келді.
Күз ханшайымы: Сәлеметсіңдер ме балғын балалар! Мені сағына күтіп отырған боларсыңдар. Мен астықты жинап, табиғат –Ананы қыс мезгіліне әзірлеп қойдым.
Жүргізуші: Күз ханшайымы келіңіз, төрге шығып қонақ болып, балалардың өнерін тамашалаңыз. Күз ханшайымы, сенің байлығың мен астығың, алуан түрлі жеміс-жидектерің мен алтын түске боялған жайлауың үшін мол алғысымызды айтамыз.
Күз ханшайымы: Балалар мен сендермен билегім келіп тұр. Менімен бірге билейсіңдер ме?
«Жапырақтар» биі (балалар жапырықтармен билейді)
Ғажайып сәт:
Сырқат бала: Ой мына күз мезгілі қандай суық еді, жаурап барамын. Осы мезгілді ұнатпаймын. Туу басым ауырып тұр. Көңіл күйім де болмай тұр. Жаңа маған асыр салып ойнаған балалардың даусы естіліп еді, солар сендер емессіңдер ме?
Жүргізуші: Иә ол біздің балалар. Біз алтын күз мерекесін тойлап отырмыз.
Сырқат бала: Сендерге қарап қызығып тұрмын. Бәрің көңілдісіңдер. Сендердің шаттана қуанған дауыстарың алысқа естіліп жатыр. Ал менің ауырғаным басылар емес, тұмау болып қалған секілдімін.
Жүргізуші: Біздің не үшін көңілді екенімізді білгің келсе, айтайын. Біз денемізді шынықтырамыз, дұрыс тамақтанамыз, жемістер мен көкөністерді көп жейміз, дәрумендерге толы шырындар ішеміз. Осының бәрін жайдарлы жаз бен жомарт күз тарту етті, сондықтан біз көңілдіміз.
Жүргізуші: Кел, балақай төрге шығып қонақ болып, біздің балаларымыздың өнерін тамашалаңыз.
Балалар тақпақ айтады. Жайдары күз, жарқын күз, Аяулы күз, алтын күз Дәнге толы ен далам Дариядай шалқып жүр. Аяла
Мейірлі күз, мырза күз Сыйлығыңа ырзамыз Аппақ арай таңында Шомыламыз нұрға біз Аяулым
Күнді көрсе толғанар Бұлтты көрсе шамданар Тола түскен қамбалар Әмре
Көк аспаның мөлдіреп Алтын күзің елжіреп Асыр салып жүре бер Сары көйлегің желбіреп Аделя
Жүргізуші: Жарайсыңдар!
Күз ханшайымы: Мен сендерге құр қол келгенім жоқ. Өзімнің қызық ойынымды ала келдім. Қаласаңдар бәріміз бірге сол ойынды ойнайық.
Ойын: «Дәмін көріп, атын ата»
Мақсаты: көкөністер мен жемістердің дәмін көріп, оларды айыра білуге үйрету;
Ойынның шарты: ойынның шарты балалардың көздерін байлап, көкөністер мен жемістердің дәмін татқызу:
Күз ханшайымы: Балақай! Мен саған да өз жемістерімнен сый тарту етейін. Олардың құрамында дәрумендер көп. Мә мына жемістерді ала ғой. Үйіңе барғанда жерсің. (жеміс салынған себет береді). Есіңде болсын, дені сау балаға ешқандай да ауру жоламайды.
Жүргізуші: Күз ханшайымы дұрыс айтады, балақай! Жемістер денсаулыққа өте пайдалы. Ал біздің балалар саған ән шырқап берсін.
Сырқат бала: жақсы, мен түсіндім. Рахмет. (себетті алады)
«Күзгі жапырақтар»
Жеміс-жидек пісіп жатыр, Түсіп жатыр бау-бақта. Жапырақтар ұшып жатыр, Түсіп жатыр жан-жақта.
Жапырақтың сарғайғаны- Келген күздің сәні ме? Қайтқан құстың шалғайдағы, Әлде мұңлы әні ме?...
Күз ханшайымы: Әндерің тамаша екен, өркендерің өссін. Ал енді маған рұқсат беріңдер, мен кетейін. Барып бау-бақшамды тексерейін. Сау болыңдар! (Күз ханшайымы кетеді)
Жүргізуші: Осымен шағын мерекеміз аяқталды, сау болыңыздар!