Тәрбие сағаты: «9 – мамыр – Жеңіс күні»!
Мақсаты:
1. Ұлы Отан соғысы туралы мағұлмат беру.
2. 9 – Мамыр – Жеңіс күні екенін толық түсіндіріп өту.
3. Балаларды Отанын, елін, жерін сүюге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Ұлы Отан соғысы туралы суреттері, гүлдер, шарлар, батырлардың суреттері,слайд
Ән: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні.
Шаттық шеңбері:
Армысың, Алтын күн!
Армысың, Көк аспан!
Армысың, Жер ана!
Армысың, достарым!
Армысың, қонақтарым!
Тәрбиеші: 1.Балалар, қазір жылдың қай мезгілі? Көктем.
2.Көктем мезгілінің қайсы айы? Мамыр.
3.Көңіл-күйлерің қалай? Жақсы.
Тәрбиеші: 9-мамыр Жеңіс күні-бүкіл дүниежүзі бойынша үлкен мейрам. Әсіресе, бұл мерекені екінші дүниежүзілік соғыстың бар ауыртпалығын өз мойнымен көтеріп, Отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасқан, Жеңістің туын желбіреткен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ерекше мейрам.
Құрметті балалар! Бүгін 9- мамыр Жеңіс күні мерекесі құтты болсын. Биыл міне осы соғыстың аяқталғанына да 78 жыл болды. Біздің бейбіт өмір сүруіміз үшін жанын қиған, ерлікпен қаза тапқан ата-әжелеріміздің есімін ешуақытта ұмытпауымыз керек. Жеңіс күні құтты болсын.
-Күндіз күлкі, түнде ұйқымыз тыныш болсын деген тілекпен, бүгінгі «9 мамыр – Жеңіс күні » атты тәрбие сағатымыз, бізге балалық шақ, бейбіт өмір әперген Ұлы Жеңіске арналады. Жыл сайын 9 мамыр күні адамдар ескерткіштерге барады. Олар жауынгерлердің тас мүсініне айналған бейнелеріне гүлшоғын қойып, батырлар есімін еске алады.
Тәрбиеші: Біз үшін Жеңіс күнінен асқан қымбат мереке жоқ. Әрбір көктем бізді ойша сонау ұмытылмас, әрі көптен күткен 1945 жылдың 9 Мамырына қайта оралтады.
Дәл осынау жадыраңқы жай күні,
Болсадағы қай ғасырды, қай күні.
Ұлы Отаным басын иіп бір минут,
Есіне алмақ сол бір апат қайғына. ( бір минут үнсіздік)
1941 жылы 22 маусым күні таңшапағы жаңа ғана арайлап келе жатқан кезде фашистік Германия елімізге опасыздық пен басып кірді. Ұлы Отан соғысы осылай басталды. Отанымыздың басына ауыр күндер туды, елімізге шабуыл жасап соғыс ашты.
Бұл соғыс Ұлы Отан соғысы деп аталды, әрі бұл соғыс біраз жылға созылды. Сөйтіп, 1945 жылы 9 – Мамыр күні біз фашистерді жеңіп шықтық.
Тәрбиеші: Өз халқының батырлығын әлемге әйгілі еткен қазақтың батырлары Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова.
Тәрбиеші: Мәншүк 1922 жылы дүниеге келген. Шын аты Мәнсия. Анасы еркелетіп Моншақ деп кеткен. Әкесі дәрігер болған. Мәншүк соғысқа өз еркімен аттанады. Мәншүк ол кезде не бары 19 жаста болған. Елін жаудан қорғаймын деп шепке сұранып пулеметші болады. Өзі қорғаған Невель қаласында Мәншүкке ескерткіш қойылған.
Тәрбиеші: Әлия 1924 жылы Қобда ауданы Көкбұлақ деген жерде туған. Екі жасында жетім қалып, Әүбәкір деген ағасы өз тәрбиесіне алады. Кейін ағасы Ленинград қаласына көшіп келеді де, Әлия сол қалада оқиды. Отбасының жағдайына байланысты Әлия кейін балалар үйінде тәрбиеленеді. Соғыс басталғанда ол 17 жаста еді. Сол кезде майданға өзі сұранып, атқыштар даярлайтын бөлімді бітіреді.
Тәрбиеші: Момышұлы Бауыржан (1910 - 1982) – екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. Туған жері - Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені. Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады.
Тәрбиеші: Мақал – мәтел:
«Отан – оттан да ыстық»
«Отан үшін отқа түс, күймейсің!»
Тәрбиеші: Ұлы Отан соғысына қатысқан Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Маметова, Әлия Молдағұлова, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов және т.б жерлестеріміз аз емес. «Ешкім де ұмытылған жоқ, еш нәрсе де ұмыт қалған жоқ». Бұл сөздер мереке кезінде жиі естіледі.Ерлікпен қаза тапқан ерлердің ескерткіштерінде бұл сөздер таспен қашалып, ойылып жазылған. Ал осы бейбіт өмірге жете алмаған , ерлікпен қаза тапқан аталарымыз бен апаларымыздың рухына құрметпен бас иеміз. Ел алдындағы борыштарын өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын, қорғап қалған ерлерге тағзым етеміз. Олар еліміздің жарқын болашағын, жас ұрпақ өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалды. Ардагерлер ерліктері арқасында біз осы күнге жеттік. Біздің өз қалауымызбен еркін өмір сүріп, шаттана күлгеніміз бәрі де сол Ұлы Отан соғысы жеңісінің жемісі. Әрине соғыс болмасын!
Тәрбиеші: Осымен «9 – мамыр – Жеңіс күні»! атты тәрбие сағатымыз аяқталды. Сау болыңыздар!